Қоғамдық кеңес 2010

There are no translations available.

Болат Атабаев («Ақсарай» театрының көркемдік жетекшісі, режиссер, театр сыншысы):

Жыл сайын «Алтын Жүрек» жұмысы биік шыңдардан көріне бергей деп тілеймін. Байтақ елімізде барлық қазақстандықтарға көмектесу – қалыпты жағдай болып, үйреншікті іс болғай. Елімізде қайырымдылық меценаттардың дәстүрлі ісіне айналмаса да, алға жетіліп келетіндігі байқалады. «Алтын Жүрек» жобасы басқаларға үлгі, ғибрат болатындай жоба деп ойлаймын.

Гүлнар Тұрлыханова (ҚР гандбол федерациясының президенті):

«Алтын Жүрек» әрбір адамды жақсылыққа шақырып, жарқын үміт сыйлайды. Мұндай ерекше сыйлық отандастарымыздың ойына еліміз үшін қандай жақсылық жасадық деген сұрақ тудырады. Бір-бірімізге жылы қабақ танытып, көмек көрсетсек, жалпы еліміз үшін де жақсылық жасаған болар едік.

Досым Сәтпаев (Халықаралық тәуекелді бағалау тобының жетекшісі, саясаттанушы):

Елімізде әлеуметтік мәселелер мен көмекке мұқтаж жандар көп болғандықтан, «Алтын Жүрек» сынды сыйлықтар Қазақстан үшін керек деп ойлаймын. Менің ойымша адамды қайырымды іске жетелейтін осындай сыйлықты барынша қолдау керек.

Майра Айсина (ҚР парламент мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП мәжіліс фракциясының президиум мүшесі):

Осымен 4 жыл бойы «алтын жүректі» жандарды іздеп келген, әлі де іздеп жүрген «Алтын Жүрек»сыйлығы жайында білмегеніме қатты ұялдым. Енді сыйлық жайында барлығын білдім, Қазақстанның игі істер жинағы тағы бір жақсы іспен толыққанына шексіз қуаныштымын. Елімізде осындай керемет жобаны дүниеге әкеліп, іске асырып жүрген, бұл іске немқұрайлы қарамайтын адал жандардың бар екендігі қуантады. Жасырып қайтемін, жыл сайынғы ұлттық «Алты Жүрек» сыйлығының қоғамдық мүшесі болу жайындағы ұсыныс өмірімдегі маңызды оқиға болғанын айта кеткім келеді. Біріншіден, бұл күтпеген ұсыныс болды. Екіншіден, бұл мен үшін аса құрметті, өте жауапты іс болды.

Тек өздерін ғана ойламай, ашық жүрек, таза ниеттерімен жәрдемге мұқтаж жандардың тағдырына жанама түрде болса да ықпал етіп, науқас адамдарға өмір сүруге үміт сыйлап жүрген жандарға, «Алтын Жүректің» ұйымдастырушыларына сарқылмас күш, мәңгілік жастық, олардың ұтылыссыз еңбегінде сәттілік пен табыс тілеймін.  

Алексей Ни (ҚР ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері):

Үш үміткер арасынан бір лауреатты таңдау қиын болды. Олардың әрқайсысы қайырымдылыққа өз үлесін қосқан жандар. Мен үшін басты талап меценаттың қайырымдылыққа аударған қаржысы емес, оның қандай салаға бағытталғандығы маңызды болды. Лауреаттарды анықтау қызық болғанмен, аса үлкен жауапкершілікті сезіндім. Сыйлықты лайықты жандардың иеленгенін қаладым. Жүрек пішінді еліміздегі ерекше сыйлыққа қолы жетпегендерге алдағы уақытта сәттілік тілеп, қайырымдылық істері жалғасын тауып, елімізді қуанышқа бөлей бергей деген ниетімді білдіргім келеді.

Айгүл Мүкей (тележүргізуші, «Еларна» телеарнасының директоры):

Мен қазылар алқасының қатарынан табылғаныма қуаныштымын. «Алтын Жүрекі» жандарды дәстүрлі түрде іздеп, аянбай еңбек етіп келе жатқан, ұйымдастырушыларға рахмет айтқым келеді. Бұл шынымен де игі сыйлық. «Алтын Жүректің» жүргізушісі, одан кейін тұрақты қонағы ретінде мен аталмыш жобаның қаншалықты бағалы екенін айта аламын. Осы жобаны тамашалай отырып, Қазақстандағы жомарт азаматтарымыздың қайырымды істі атақ-даңқ алу үшін емес, шын жүректен, адал ниетпен жасап келетіндігіне көзім жетті. Елімізде дархан жандардың көбейіп келе жатқандығына қуанамын. Осы тұста ардагерлер қауымына көмектескен меценаттарды ерекше атап өткім келеді. Осындай игі істер тек мереке күндері ғана емес, жай күндері де жалғасын тапса нұр үстіне нұр болар еді.

Нина Қаюпова (Қазақстан әйелдер бірлестігінің президенті):

Қоғадық кеңестің мүшесі болу мен үшін қызықты жаңалық болды. Ұйымдастыру алқасының төрайымы Жұлдыз Омарбекова жасаған «Алтын Жүрек» ережесі әрбір үміткерге аса көңіл бөліп, қатаң түрде қарастыруымызды талап еткенін айта кеткен жөн. Еліміздегі қайырымды істерді он номинацияға біріктіріп, оның барлығын қайырымдылық ұғымымен ұштастырған «Алтын Жүрек» секілді сыйлықтың болғанына қуаныштымын. Сондай-ақ, республикамызда қарапайым халықты ризашылыққа бөлеп, ел алғысын алып жүрген, басқаларға үлгі боларлық жомарт жандар көп екеніне көзім жетті.

Төлеген Мұхамеджанов (ҚР парламент мәжілісінің депутаты):

Қайырымдылық барлық кезеңде өзекті болған, дегенмен біздің елімізде бұл мәселеге көңіл аударғандар саусақпен санарлықтай. «Алтын Жүрек» - бұл меценаттарды ынталандырып, адамдарды қайырымдылық жасауға итемелейді. Бұл жобаның қазақстандықтар үшін әлеуметтік маңызы жоғары. Сондықтан оны халықаралық деңгейге дейін дамытып, жан-жақты қолдау қажет.

 

banner-01