Сыйлық туралы Алтын Жүрек
|
«Алтын Жүрек» сыйлығының лауреаттарын анықтау сатылары:
Ұйымдастыру алқасы қатысушылардың өтініштері мен құжаттарын қабылдап, олардың дұрыстығы мен түпнұсқалығын тексереді;
Сарапшы кеңес барлық ұсынылған үміткерлер арасынан әр номинация бойынша үш үміткерді таңдайды. Сарапшы кеңестің құрамына коммерциялық емес ұйымдардың, БАҚ-тың, мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен коммерциялық ұйымдардың өкілдері кіреді;
Қоғамдық кеңес әр номинация бойынша үш үміткер арасынан жеңімпазды, яғни лауреатты анықтайды. Аталмыш кеңес құрамына қоғамдық, мемлекеттік, саяси қайраткерлер мен ғылым, мәдениет майталмандары, ұлттық және қоғамдық, халықаралық ұйымдардың өкілдері кіреді.
Бағалау төмендегі критерийлер бойынша өтеді:
- Қазақстан аумағында қайырымдылық және әлеуметтік қызметті іске асыру;
- Қызметтің әлеуметтік бағытталуы;
- Көмектің өзектілігі;
- Ағымдағы жылы қайырымдылыққа жұмсалған шығынның сомасы және басқа да материалдық /материалдық емес/ ресурстар;
- Жеке өзіндік бастама;
- Қайырымдылық қызметтің тұрақтылығы;
- Қайырымды істері үшін алған алғыс хаттар мен рекомендациялар;
- Тапсырылған құжаттардың толықтығы;
- Жергілікті бизнеспен тығыз байланыстылығы мен ҮЕҰ-мен әлеуметтік мақсатта серіктестік орнату.
Жеңімпаздар келесі номинациялар бойынша анықталады:
- «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» номинациясы – жетім балаларға, балалар үйі мен интернаттарға риясыз көмек көрсеткені үшін;
- «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы – мемлекетті және жеке білім беру мекемелерін қаржыландыруға қол ұшын созғаны үшін және грант есебінде қаржы бөлгені, жаңа білім беру мекемелерінің құрылысына атсалысқаны үшін, Қазақстан авторларының ғылыми еңбектерін және кітап шығару ісін қолдағаны үшін;
- «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» номинациясы – мүгедектер мен мүгедектер ұйымына, мүгедектерді оңалту бойынша жасалған жобаларға әлеуметтік, медициналық және қаржылай көмек көрсеткені үшін;
- «Спортты дамытып, оны қолдағаны үшін» номинациясы – спорттық мекемелерді кез келген деңгейдегі және бағыттағы ұйымдарды материалдық және қаржылай қолдағаны үшін, Қазақстан спортшыларын халықаралық жарыстарда қолдап, спорт шараларын ұйымдастырға, өткізуге көмек көрсеткені үшін;
- «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін» номинациясы – зейнеткерлер, еңбек ардагерлері, өзге аймақтардағы әскери қимылдардың қатысушыларының өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асырғаны үшін, сондай-ақ ардагерлер құқығын қорғау және оларға мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрін төлеуге қолдау көрсету мақсатында қоғамдық қорлар құрғаны үшін;
- «Жыл меценаты» номинациясы – мәдениетті қолдағаны және өнер шеберлерін (ақын, жазушы, суретшілер) жебеп жүргені үшін, қоғамдық өмірді жақсартуға, қайта құруға бағытталған аса ірі мәдени-маңызды жобаларды іске асырғаны үшін;
- «Ақпараттық қолдаушы» номинациясы - БАҚ-та қайырымдылық тақырыбын, әлеуметтік мәселелерді көтергені үшін;
- «Жылдың қайырымды адамы» номинациясы – үлкен көлемдегі қайырымдылық қызметі үшін;
- «Жыл ұйымы» номинациясы – түрлі бағыттағы үлкен көлемдегі қайырымдылық жобалар мен акцияларды іске асырғаны үшін, қоғамдық маңызды шараларға демеушілік көрсеткені үшін;
- «Өнер және қайырымдылық» номинациясы - қайырымдылық іс-шараларды қолдағаны, түрлі акциялар мен жобаларға белсенді қатысқаны, қайырымдылық концерттерін бергені үшін;
- «Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін» номинациясы – Қазақстан аумағында материалдық және қаржылай көмек көрсеткен шетелдік азаматтар үшін (тек жеке тұлғаларға арналған).
Лауреаттарды марапаттау салтанатты кеші дәстүрлі түрде әр жылдың 27 қазанында өтеді. Кеш қонақтары, саясаткерлер, мәдениет қайраткерлері, бизнес өкілдері мен Қазақстан эстрада жұлдыздары нағыз атымтай жомарттарға жұртшылық атынан алғыс айтып, марапаттайтын болады. |
|